Павлодар облысында үздік театр ұжымдары анықталды
«Театр ғажайыптары» байқауы Ақсу қаласының 65 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шығармашылық сайыс Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет сарайында өтті. Байқауға өңірдің жеті театр ұжымы қатысты. Сахнада балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер труппалары өз өнерлерін паш етті. Барлық қойылымдар мемлекеттік тілде ұсынылды.
Қатысушылар түрлі жанр мен форматтағы театрландырылған қойылымдарды сахналады. Тақырыпты әсерлі жеткізу үшін ұжымдар музыкалық сүйемелдеу, күйлер, хореографиялық элементтер мен сахналық композицияларды шебер қолдана білген. Қазылар алқасы өнер көрсетулерді он балдық жүйемен бағалады.
Қатысушылар жоғары актерлік шеберліктерін, қойылымдарға деген ерекше көзқарастарын және театрға деген сүйіспеншіліктерін көрсете білді.
Айтулы додада бірінші орынды Ақсу шағынауданының «Овация» театр студиясы иеленсе, екінші орын Достық ауылындағы «Сиқырлы театр» үйірмесіне бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынға Ақсу мектеп-лицейінің 10-сынып оқушыларынан құралған театр үйірмесі ие болды.
Сондай-ақ арнайы аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталды. Мәселен, «Ең үздік роль» аталымында Қызылжар ауылының «Жас талант» ұжымы дараланса, «Сахна шеберінде» Сарышығанақ ауылындағы «Белес» театр үйірмесі дараланды. Ал «Көрермен көзайымы» жүлдесін Қалқаман ауылындағы «Жұлдыз» театр студиясы иеленді. «Ең әсерлі көрініс» аталымын Алғабас ауылындағы «Асыл әжелер мен балалар» үйірмесі жеңіп алды.