Павлодар облысында кибересірткі саудасына тосқауыл қойылуда

Павлодар облысында кибересірткі саудасына тосқауыл қойылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мониторинг жүргізу нәтижесінде 1300-ден астам заңсыз интернет ресурстары бұғатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Қазіргі таңда есірткі бизнесі жаңа бейімге көшіп, өз әрекетін ашық ортадан виртуалды кеңістікке ауыстырды. Павлодар облысында құқық қорғау органдары интернет арқылы есірткі заттарын тарату және онлайн алаяқтықтың алдын алу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.

– Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өңірде ақпараттық-телекоммуникациялық технологияларды пайдаланып жасалған екі аса ауыр қылмыс анықталған. Екі деректің де негізгі сипаты интернет арқылы есірткі таратумен байланысты болған, – деді Павлодар облысы полиция департаменттінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма бөлімінің бастығы Ирина Тимиргалиева.

Сонымен бірге, соңғы бес жыл ішінде есірткі айналымына байланысты анықталған IT-қылмыстардың саны екі есе астам өсті. Есірткі туралы тыйым салынған ақпарат орналаласқан бұғатталған сайттардың саны шамамен 18 есеге артты. Мысалы, 2025 жылы 1310 проесірткілік контент бұғатталды, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі 75 материалмен салыстырғанда әлдеқайда көп. 

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде есірткі жарнамасы көбіне жасырын Telegram-арналар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралады. Қылмыскерлер арнайы кодталған белгілер мен жасырын хабарламалар арқылы тұтынушылармен байланыс орнатады.

– Интернеттегі есірткі саудасы қоғам үшін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Мұндай қылмыстардың басты нысанасы жастар. Сондықтан біз профилактикалық шараларға ерекше мән береміз, – дейді Ирина Тимиргалиева.

Оның сөзінше, кей жағдайда есірткі таратушылар әлеуметтік желілерде «жоғары табыс әкелетін жұмыс» деп жарияланған жарнамалар арқылы жастарды өз қатарына тартады. «Құпия курьер», «жеке хабар алмасу операторлары» сияқты лауазым атауларының астарында заңсыз іс-әрекеттер жасырынып жатады.

Сондай-ақ, «Киберпатруль» жобасы аясында ІТ-мамандар мен еріктілер интернет кеңістігіндегі күмәнді парақшаларды анықтап, олар туралы деректерді құқық қорғау органдарына жолдайды.

Есірткі таратушылардан бөлек, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары да көбейіп отыр. Жалған инвестициялық платформалар, онлайн-дүкендер мен әлеуметтік желілердегі өтірік ұтыстар азаматтардың қаржысын алдап иемденудің ең жиі қолданылатын тәсіліне айналған.

Полицейлер тұрғындарды күмәнді сілтемелер мен беймәлім аккаунттарға сенбеуге шақырады.