Павлодарда тағы бір ана үй жағдайында перзентті болды
Ол осы күнге дейін еш жерде жүктілік бойынша есепте тұрмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Үш тәулік ішінде облыстық жедел жәрдем станциясының пультіне 2,2 мыңнан астам шақырту түсті.
23 мамырда Павлодардың 103 қызметкерлері кезекті рет үйде босану жағдайын қабылдады. Шұғыл шақырту таңғы сағат 8:15-те түскен. Хабарласқан 42 жастағы әйел ішінің қатты ауырғанына шағымданған. Кейін белгілі болғандай, емделуші жүктілік бойынша есепте тұрмаған.
Шақырту қабылданғаннан кейін 9 минуттан соң дәрігерлер айтылған мекенжайға жетті. Сол сәтте әйелдің қағанақ суы кетіп үлгерген. Босандыру процесін тікелей пәтерде жүргізуге тура келген. Дүниеге салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметр ұл бала келді. Жаңа туған нәрестені құрғатып, жылы көрпеге орап, кейін анасымен бірге қабылдау бөлімін алдын ала ескерте отырып, облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.
- Үйде босану, әсіресе әйел есепте тұрмаған және қажетті тексерулерден өтпеген жағдайда, кез келген секундта қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін, - дейді Павлодардың 103 қызметінің дәрігер-сарапшысы Мервет Садықова. - Стационардан тыс жерде жатырдан жаппай қан кету, ұрықтың тұншығуы (асфиксия) немесе бала жолдасының (плацентаның) ерте ажырауы сияқты қауіпті асқынуларды уақытында байқау және оның алдын алу мүмкін емес. Бұл жолы біздің бригаданың кәсібилігі мен жеделдігінің арқасында бәрі сәтті аяқталды, бірақ үйде босану үшін екі бірдей адамның өмірін қатерге тігуге әсте болмайды.
Ақ желеңділер емханада жүктілік бойынша уақытылы есепке тұру – бұл жай ғана ресмилік емес, болашақ ана мен нәрестенің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы екенін ескертеді.