Павлодарда БАҚ арасындағы Спартакиада аяқталды
Жеңімпаздар республикалық кезеңге өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлері арасында өткен ІІ Спартакиаданың өңірлік іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан өңірлерінен келген БАҚ өкілдері мен мәдениет қызметкерлері қатысып, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және қол күресі бойынша бақ сынады.
Жарыс қорытындысында үздіктер анықталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Әсіресе шахмат сайысында «Pavlodarnews.kz» ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Құралай Шаяхметова топ жарып, жеңімпаз атанды. Ол бұған дейін де түрлі интеллектуалдық турнирлерде өңір намысын қорғап жүрген тәжірибелі шахматшылардың бірі. Құралай бірнеше мәрте республикалық «Senat Open» турниріне қатысқан.
Жабылу салтанатында Ertis TV директоры Жұмабек Сманов жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Жарыс өз мәресіне жетті. Алтыншы дивизиондағы іріктеу кезеңі жоғары деңгейде өтті. Спартакиаданың ұйымдастырылуына және өтуіне атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Спартакиада нәтижелері бойынша тоғызқұмалақтан Жанар Ержанова мен Рахат Сейтхан (Қостанай), шахматтан Құралай Шаяхметова мен Темірлан Сәбитов (Көкшетау), үстел теннисінен Шыңғыс Ыбрай («Qazaqstan» ұлттық телеарнасы), қол күресінен Сергей Бадртенов («Qazaqstan» ұлттық телеарнасы) үздік атанды.
Өңірлік кезең қорытындысы бойынша жеңімпаздар Астанада өтетін республикалық Спартакиадада өз аймақтарының намысын қорғайды.