Павлодарда инвазиялық өсімдіктердің таралу картасы әзірленді
Қауіпті арамшөптердің ошақтары анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында инвазиялық бөгде өсімдік түрлерінің таралуын анықтауға бағытталған зерттеу жұмыстары аяқталды. Маусым айында Ақсу, Екібастұз қалалары мен Аққулы, Ақтоғай, Успен, Шарбақты, Май және Баянауыл аудандарын қамтыған жоба аясында жүргізілді.
Зерттеудің мақсаты – инвазиялық өсімдіктерді анықтап, олардың таралу деңгейін бағалау. Мамандар негізгі назарды циклахена мен амброзияға аударды.
Зерттеу жұмыстарына Торайғыров университетінің «Агротехнология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Виктор Камкин қатысты.
– Инвазиялық өсімдіктердің таралу аумағын нақты анықтау – олармен күрестегі маңызды қадам. Зерттеу нәтижелері қауіпті ошақтарды айқындап, тиімді шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді, – деді Виктор Камкин.
Жоба қорытындысы бойынша зерттелген аумақтардың арамшөптермен ластану деңгейі көрсетілген бірыңғай карта әзірленіп, циклахена мен амброзияға қарсы күрес бойынша ұсынымдар дайындалды.
Бастама облыстың жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды