Ақсуда су тарифтері төмендетілді

Ақсуда су тарифтері төмендетілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Коммуналдық кәсіпорынға жасалған талдау нәтижесінде артық кіріс анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Ақсу су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының тарифтік сметаларына талдау жүргізді. Тексеру Ақсу қаласы мен оның ауылдық аймағындағы су жеткізу және су бұру қызметтерін қамтыды.

Талдау нәтижесінде кәсіпорын тарапынан негізсіз алынған кірістер анықталды. Атап айтқанда, Ақсу қаласында су беру және сарқынды суды бұру қызметтері бойынша 5,6 миллион теңгеден астам, ал ауылдық аймақта су жеткізу қызметі бойынша шамамен 1,4 миллион теңге көлемінде артық кіріс есептелген.

Осыған байланысты департаменттің 2026 жылғы 19 наурыздағы бұйрықтарына сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап уақытша өтемдік тарифтер енгізілді. Олар 2027 жылғы 31 наурызға дейін қолданыста болады.

Жаңартылған тарифтерге сәйкес, Ақсу қаласында су беру қызметінің құны біртіндеп төмендейді. Сәуір айында 1 текше метр үшін 156,59 теңге болса, мамырдан бастап 132,11 теңгеге дейін азаяды. Сарқынды суды бұру қызметі де арзандап, сәйкесінше 140,53 теңгеден 127,01 теңгеге дейін төмендейді.

Ал Ақсу қаласының ауылдық аймағында су жеткізу тарифі 318,62 теңге болып бекітілді, бұл бұрынғы бағадан 1,5 пайыздан астамға төмен.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар тарифтердің негізділігін қамтамасыз етуге және тұтынушылар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.