Павлодар облысында халықаралық сауданы адал ететін құрылғы орнатпақ

Павлодар облысында халықаралық сауданы адал ететін құрылғы орнатпақ
Фото: Константин Шелков

Техниканы орнына қондыру ғана қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, кейбір арсыз кәсіпкерлер Ресейден тауар алып келгенде оның салмағын әдейі төмендетіп көрсетеді.

- Мысалы, жүк машинасы кеден бекетінен өткенде тауар салмағын 20 тонна деп көрсетіп өтеді. Алайда рейдтік тексеріс кезінде жүктің бірнеше есе төмендетілгені анықталады. Сол кезде мемлекет бюджетіне тиісті қаражат өндіріліп, заң бұзған бизнесменге айыппұл салынады. Бұл жерде басты проблема – кеден бекеттерінде арнайы таразының болмауы, - дейді Ержан Тоқтарханов.

Бұл мәселе жақын арада шешілмек. Қазірдің өзінде үш бірдей «Қосақ», «Үрлітүп» және «Найза» негізгі бекеттер толықтай модернизациядан өтеді. Арнайы таразы да сатып алынды, оларды орналастыру ғана қалды. 

2025 жылы кедендік төлемдерді әкімшілендірудің қорытындысы бойынша 2,3 миллиард теңге сомасында қосымша қорлардың түсімі қамтамасыз етілді. Өткізілген  кедендік тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 898,5 миллион теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді, 943,3 миллион теңге өндірілді.

Валюталық бақылау шеңберінде 2025 жылы ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау бойынша соттармен жалпы 645,9 миллион теңге сомасына айыппұл салу туралы шешімдер шығарылды. 

Өткізуге тыйым салынған тауарлардың өткізілуіне жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдері, қара металл сынықтары, бидайды әкету әрекетінің 15 фактісі анықталды.

Есепті кезеңде автомобиль өткізу бекеттерінде жоғары тәуекелді жүктері бар 393 автокөлік құралы өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп тексерілді. 

2025 жылы нақты тауарлардың өткізілуін бақылау шеңберінде тиісті қорытындысыз мемлекеттік шекара арқылы өткізудің 169 әрекеті анықталып, жолы кесілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 95 фактіге артық, яғни өсімі 228% құрайды.