Павлодарда IT-білім ауылдан бастау алды
Жоба аясында кітаптың 60-қа жуығы ауыл мектептеріне жөнелтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Спорттық бағдарламалау федерациясы қолдауымен қазақ тілінде жарық көрген «Сәлем, әлем! Python – бағдарламалау әліппесі» кітабын ауыл мектептеріне тегін тарату жобасын іске асыруда.
Жоба аясында кітаптың 57 баспа нұсқасы Павлодар облысының ауыл мектептеріне жеткізілді. Сонымен қатар электронды нұсқасы өңірдегі барлық ауылдық білім беру ұйымдарына жолданды.
- Баспа даналары Павлодар облысы білім беру басқармасына табысталып, ауыл мектептерінің кітапхана қорларына тегін бөлінді. Ал электронды формат аудандық білім бөлімдері арқылы әр мектепке қолжетімді болды, - дейді облыстық білім басқармасы.
Бұл бастама – қала мен ауыл мектептері арасындағы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Жоба оқушылардың бағдарламалау негіздерін меңгеруіне, логикалық ойлауын дамытуға және IT-салаға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстық білім беру басқармасы цифрлық дағдыларды дамытуға басымдық бере отырып, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруда. Бағдарламалауды үйрету – тек код жазуды меңгерту емес, болашақ жаңашыл буынды тәрбиелеу.
Әр балаға қолжетімді инфрақұрылым құру – өңірдің білім саясатының басты бағыты.
Бүгінгі «Сәлем, әлем!» — ертеңгі цифрлық Қазақстанның берік іргетасы болары анық.