Павлодарлық оқушылар әмбебап карта пайдалануы мүмкін

Павлодарлық оқушылар әмбебап карта пайдалануы мүмкін

Бүгінде бұл жүйе еліміздің республикалық маңызы бар қалаларында енгізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлім етті. 

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі тарапынан нормативтік құқықтық актілерге өзерістер енгізіліп жатыр. Ондағы талаптардың бірі – мектеп оқушыларында әмбебап картаның болуы.

– Бұл картаның көмегімен автобусқа мінген кезде жол ақысын төлеуге, мектепке кіріп-шығуға, асханадан тамақ алуға, кітапханадан кітап алып, тапсыруға болады. Яғни барлығы бір карта арқылы жүзеге асырылады, – деді Елнұр Өтебаев. 

Оның сөзінше, тиісті бұйрық қыркүйек, қазан айында шығады. Министр құжатқа қол қойғаннан кейін өңірде әмбебап картаны іске қосу жұмыстары басталады.

Бүгінде осындай жүйе Алматы, Астана, Шымкент қалаларында іске қосылған. 

– Олардың ішінен қай жүйе біздің Павлодар өңірімізге қолайлы болатынын таңдап жүрміз, – деп атап өтті спикер. – Оқушының ата-анасы картаның балансына Kaspi қосымшасы арқылы ақша толтыра алады. Сондай-ақ, картаны қолданған кезде оқушының суреті мен оның ақпараты базада көрсетіледі. Яғни, бала біреудің картасымен асханада тамақты ала алмайды, бұл бірден  базада шығып тұрады.  

Айта кету керек, Павлодарда ата-аналар балаларын мектепте бақылауы үшін арнайы жүйе іске қосылған. Қазірде бұл мүмкіндік  52 мектепте бар. Ата-ана қосымша арқылы балалардың мектепке нешеде келіп, шығатынын көре алады.  

Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында облыс  әкімдігі «SmartCity Pavlodar» атты инвестициялық жобасына бастамашылық жасады. 

– Жоба шеңберінде 5 400 бейнебақылау камерасын монтаждау және баптау жүргізілді. Олардың бейнесі облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына және облыстық ахуалдық-талдау орталығында көрсетіледі. Қазірде 156 тиісті мекемелерге камералар орнатылған. Оның ішінде 138 мектеп пен балабақша және  18 денсаулық сақтау нысанына камералар қойылды, – деді Елнұр Өтебаев.

Еске сала кетейік, Павлодарда күзде 5G станцияларын орнату жоспарланып отыр. Жоғары жылдамдықты интернет халық көп жүретін жерде пайда болады.

Фото: Константин Шелков