Павлодарда иттің кесірінен теледидар көре алмаған тұрғын полицейлерді шақырды
Мәселені шешуге тырысқан полицейлер мән-жайды анықтап білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Естай көшесіндегі үйдің бірінде көршінің итіне шағымданған тұрғын «102» нөміріне хабарласқан.
– Көршілер жұмысқа кеткен сайын олардың иттері үреді. Мен үйде кішкентай баламен отырамын. Иттің үргенінен күні бойы шаршаймын. Тіпті, бөлмемдегі қосулы тұрған теледидардың дыбысын естімеймін, – деді жас ана. – Көршілерге қанша рет өтініш білдірдім, алайда мәселе шешілмей жатыр.
Полицейлер иттің иелерімен профилактикалық әңгіме өткізді.
– Иттің үргенін қатты музыка сияқты өшіріп тастауға болмайды. Біз үйде болған кезде бәрі тыныш болады, – деп ақталды иттің иесі.
Заң бойынша, егер сағат 22:00-ден кейін полицейлерге иттің қатты үрейіне қатысты шағымданса, жануардың иелері ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша жауапқа тартылады. Тәртіп сақшылары басқа уақытта көршілермен бейбіт келісімге келуге кеңес береді.
Жыл басынан бері 6 мыңға жуық павлодарлық тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.