Павлодарда кәсіпкер әйелдер жаңа мүмкіндіктерді талқылады

Павлодарда кәсіпкер әйелдер жаңа мүмкіндіктерді талқылады
Фото: Есенжол Исабек

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Әйел. Бизнес. Болашақ» атты форум өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл – кәсіпкер әйелдерге, мемлекеттік құрылымдардың өкілдеріне, сарапшылар мен қоғам белсенділеріне арналған ерекше алаң.

Форумның басты мақсаты – тәжірибе алмасу, жаңа бастамаларды талқылау және әйелдердің кәсіпкерліктегі рөлін күшейту арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.

Іс-шара аясында шағын және орта бизнесті қолдау: салық, есептілік және мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік кәсіпкерліктегі Павлодар өңірінің тәжірибесі, инновациялар мен цифрландырудың мәдениетте, білімде және бизнесте жасанды интеллекттің рөлі, павлодарлық өнімдердің дамуы сияқты бағыттар қамтылды.

– Біздің ұйым еліміздегі ең белсенді әйелдер қауымдастықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әйелдердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталған болатын. Біз де осы бағытты ұстанып, кәсіпкер әйелдерді дамытуға, жаңа мүмкіндіктерге бағыттауға күш салып келеміз. Әсіресе жасанды интеллект дәуірінде әйелдер өз өнімдері мен қызметтерін заманға сай жетілдіруі тиіс деп санаймыз, – деді «Re. Women» республикалық әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Айдана Тоғызбаева. 

Оның айтуынша, Қазақстанда шағын және орта бизнестің шамамен 40 пайызы әйелдердің үлесінде. Оның ішінде 48 пайызын әйелдер басқаратын кәсіпорындар құрайды.

Қауымдастықтың жеті айдағы жұмысы да көңіл қуантады: республика бойынша 20 филиал ашылып, 1680 әйел қамтылған, 248 іс-шара ұйымдастырылған. Ұйым әйелдерге білім алуға, бизнес ашуға және оны кеңейтуге көмектесіп келеді.

– Біз үшін ең басты қағида – «ең жақсы инвестиция – ол өз біліміңе инвестиция». Сол себепті тәжірибелі кәсіпкер әйелдер бастаушы әріптестеріне бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар, мемлекеттік субсидиялар мен гранттар туралы ақпарат ұсынып, қолдау көрсетеміз. Екінші маңызды бағыт – әлеуметтік. Біз аналармыз, әпке-қарындаспыз, сондықтан қоғамға пайда әкелетін жобаларға үлес қосу – міндетіміз, – дейді ол.

Форумға қатысқан павлодарлық кәсіпкер Мөлдір Құрымбаева әйелдердің бизнестегі табиғи мүмкіндіктерін атап өтті.

– Негізі, әйелдер арасындағы кәсіпкерлік бұрыннан бар. Өйткені, әйел – тумысынан кәсіпкер. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Үй шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, бизнесте де табысқа жетуге қабілетті. Президент Жолдауында да әйел кәсіпкерлігінің, мемлекет басқаруындағы әйелдердің рөліне ерекше тоқталды. Қазір жаңа гранттар бөлінуде. «Атамекен» ұлттық палатасы әйел кәсіпкерлерге арнайы субсидиялар ұсынып отыр. Осындай қолдауларды тиімді пайдалана отырып, қазақстандық әйелдер жаңа нарықтарға шығады деп сенемін, – деді ол.

Мөлдір Құрымбаева отбасылық кәсіптің тәжірибесімен де бөлісті. 

– Біз жолдасымыз екеуіміз мейрамхана бизнесімен айналысамыз. Бұл – отбасылық іс. Жолдасым қаржы жағын басқарса, мен ас мәзіріне және қонақ күту мәдениетіне жауаптымын. Қазақ болғандықтан, дастархан жаю, сервис көрсету – мен үшін ерекше жақын іс. Осы бағытта еңбек етіп, қазақы той бизнесіне өз үлесімізді қосып келеміз, – деді кәсіпкер.

«Әйел. Бизнес. Болашақ» форумы Павлодардағы әйел кәсіпкерлердің белсенділігін, олардың қоғамдағы орнын айқын көрсетті. Форум нәтижесінде жаңа бастамалар ұсынылып, әйелдердің білімін, тәжірибесін және мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған нақты қадамдар белгіленді.

Бұл алаң тек бизнес идеяларды талқылап қана қоймай, әйелдер қауымының елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесін айшықтады.