Павлодарда колледждерде еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашылды

Павлодарда колледждерде еңбек нарығына сай жаңа мамандықтар ашылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Талапкерлер арасында техникалық бағыттарға қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста колледждерге арналған мемлекеттік тапсырыс еңбек нарығындағы нақты қажеттілікке байланысты қайта жасақталды. Алдағы бес жылда өңірге 35 954 маман қажет болады деп болжануда.

Облыстық білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жасұлан Сыздықовтың айтуынша, 2026-2030 жылдары кадрларға орташа жылдық қажеттілік 9819 адамды құрайды. Сонымен қатар, аймақтағы кәсіпорындардан жеті мыңнан астам маман даярлауға тікелей сұраныс түскен.

Мемлекеттік білім беру тапсырысының құрылымын еңбек нарығының нақты талабына қарай өзгерттік. Инженерлік, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс салаларына бөлінген орын саны үш мыңнан асты. Қажеттілігі төмен бағыттар бойынша гранттар саны қысқартылды, – деді ол.

Биыл білім беру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, өнер және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы орындар да көбейді.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, сұранысы азайған мамандықтарға бөлінетін орын көлемі төмендетілген.

Қоғамдық тамақтандыру саласында аспаз даярлауға арналған орындар 490-нан 200-ге дейін кеміді. Бизнес, басқару және құқық бағыттары бойынша мемлекеттік тапсырыс 310 орынға азайды. Бұл шешім түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасау мақсатында қабылданды, – деді Жасұлан Сыздықов.

Биыл облыстың бес колледжінде жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді. Павлодар техникалық сервис колледжінде автомобиль жасау және автокөлік құралдарын бояушы мамандығына 15 орын қарастырылды. Ақпараттық технологиялар колледжінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын техникалық пайдалану бағыты бойынша техник-механик даярлау үшін 25 орын бөлінді. Павлодар технологиялық колледжінде нан-тоқаш, макарон және кондитер өндірісі мамандығына 25 орын берілді.

Ертіс колледжінде ветеринария саласы бойынша қолданбалы бакалавриат, ал Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледжде логопедия бағыты бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасы ашылды.

Мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де артты. Былтыр 754 орын болса, биыл бұл көрсеткіш 990-ға жетті. Бұл жүйе бойынша кәсіпорын колледжбен келісім жасайды. Білім алушы оқу барысында сол мекемеде тәжірибеден өтіп, диплом алғаннан кейін қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама аясында «Богатырь Көмір», «Павлодар жылу желілері», «Проммашкомплект», «Ақтоғай Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Трансұлттық компания Қазхром», «Еуразиялық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамы, Екібастұз ГРЭС-1 және басқа да кәсіпорындарға қажетті кадрлар дайындалуда.

Қабылдау науқаны әлі жалғасуда. Жұмысшы біліктіліктеріне құжаттар 27 тамызға дейін, ал орта буын мамандықтарына 22 тамызға дейін қабылданады. Шығармашылық бағыттар бойынша іріктеу аяқталған.

Талапкерлер жиі таңдайтын колледждер қатарында Ақпараттық технологиялар колледжі, Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық колледж, Павлодар және Екібастұз медициналық колледждері, Электроника және коммуникациялар жоғары колледжі, Павлодар химия-механикалық және мұнай-газ колледждері бар, – деді Жасұлан Сыздықов.

Оның айтуынша, Павлодар химия-механикалық колледжінде бір мамандыққа бөлінген 25 орынға 80 талапкер өтініш берген. Сонымен қатар, кітапхана ісі мен мұрағат ісі бойынша кадр даярлау тоқтатылды. Слесарь ісі бағытына түсушілер санының азайғаны да байқалады.

Облыстық білім басқармасы талапкерлер мен ата-аналарды еңбек нарығында қажет инженерлік және жұмысшы кәсіптерін таңдауға шақырды.