Павлодарда Ломов көшесінде құбыр ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын

Павлодарда Ломов көшесінде құбыр ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын

Жұмыстың 90 пайызы аяқталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еске салайық, биыл Павлодар қаласында алғаш рет кварталішілік желілерді жаңартудың ауқымды жобасы қолға алынды. Қалада 4 учаскеде құбырлар ауыстырылмақ. 

Алғашқы жұмыс Ломов көшесіндегі «Эдем» дүкенінің жанындағы учаскеде басталды. Павлодар қаласы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитов бұл учаскеде жұмыстың 90% аяқталғанын атап өтті. 

- Құбырлар ауыстыратын жерлер тозу деңгейіне қарай таңдалды. Бұл учаскеде құбырдың 97-98 пайызы тозған. Осы учаскеде жұмысты 10 маусымға дейін аяқтау көзделген. Енді диаметрі үлкен құбыр салып жатырмыз. Өйткені бұл маңда көп нысандар салынуда. Болашақта үйлер де салынады. Сондықтан құбырдың су өткізу мүмкіндігі жоғары болуы керек, - деді Нұрлан Рашитов.

Барлық учаскедегі жұмыстарға мамырдан қыркүйекке дейін 4 ай уақыт берілген. Жылыту маусымы басталғанға дейін құбырды ауыстырып, үстіне асфальт төсеп үлгеруі тиіс. 

Мердігер компания – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС. Әр учаскедегі жұмысқа 30 адам, 10 техника жұмылдырылған.

Биыл 11,7 км кварталішілік желі ауыстырылады. Оған барлығы 3,5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 2 млрд теңге бөлінді. 

Құбырлардың кепілдік мерзімі 30 жылды құрайды. Барлығы 54 үйге қатысты квартішілік желілер жаңартылады.

Фото: Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі