Павлодарда 25 мың орындық жаңа стадионның жобасы әзірленіп жатыр

Павлодарда 25 мың орындық жаңа стадионның жобасы әзірленіп жатыр
Фото: Динамомания

Ол төртінші санаттағы UEFA стадионы атанбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда 25 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының жобасын әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалу сатысында. Бұл туралы Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат мәлімдеді.

Оның айтуынша, Павлодар облысының құрылыс басқармасы мен «Қазақ энергетика және байланыс ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС арасында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге екіжақты келісімшарт жасалған.

— Жобаланатын аумақта инженерлік іздестіру жұмыстары басталды. Жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын 2027 жылдың екінші тоқсанында алу жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.

Бұған дейін құрылыс басқармасы құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімі жобалау аяқталғаннан кейін анықталатынын хабарлаған болатын. Алдын ала болжам бойынша, стадион құрылысы кемінде үш жылға созылады.

Жаңа спорт нысаны Павлодардың солтүстік бөлігінде, «Құлагер» ипподромы маңында орналасады. Стадион UEFA-ның төртінші санатына сәйкес салынып, халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында футбол стадионы, көрермендер трибуналары, автотұрақтар, іргелес аумақты абаттандыру және қажетті инженерлік инфрақұрылым салынады. Футбол алаңы ашық болады, ал шатыр тек көрермендер трибуналарының үстіне орнатылады.

Құрылыс басқармасының мәліметінше, жобалау барысында Қазақстан мен Еуропадағы осындай спорт нысандарын салудың заманауи технологиялары мен тәжірибесі ескеріледі.