Павлодарда мас жүргізушілер мен жалған нөмір таққандар ұсталды

Павлодарда мас жүргізушілер мен жалған нөмір таққандар ұсталды
Фото: Константин Шелков

Олар «Тасымалдаушы» жедел профилактикалық шарасы аясында қолға түсті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Рейд барысында облыста 400-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тоқтатылды. Әсіресе, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда жол қозғалысының қарапайым ережелерін сақтамайды.

- Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлерімен бірқатар құқық бұзушылықтардың жолы кесілді. Мәселен, 42 тасымалдаушы жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамаса, 33 такси жүргізушісі қоғамдық орындарда қызметін ұсыну мақсатында адамдарға жақындап,  мазаларын алған. Ал 95 жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін немесе мотошлемді пайдалану талаптарын бұзса, 8 автокөлік жүргізушісі мас күйінде көлік басқарған және 4 жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен, — дейді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.

Мәселен, Павлодар қаласында Естай көшесінде Audi-80 автокөлігінің жүргізушісі төрт жолақты жолда қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Ал Ақсуда басқа осындай маркалы көлікке тиесілі жалған мемлекеттік нөмір белгісімен ВАЗ-2105 автокөлігін басқарған жүргізуші ұсталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материал толтырылып, көлік арнайы тұраққа қойылды. 

Екібастұз қаласында Абай көшесінде тәртіп сақшылары Audi-80 B4 автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің тиісті құжаттарсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция барлық тасымалдаушыларды заңнама талаптарын қатаң сақтауға, жол-көлік оқиғаларына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.