Павлодарлық студенттер Оңтүстік Кореяда ұшақ типтес дрондармен жұмыс істеуді меңгеруде
Олар арнайы өнеркәсіптік ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және ұшақ типтес дрондармен жұмыс істеуді үйренуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаламызда дрондар өндірісі жолға қойылады. Осы мақсатта Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен кәсіпорны құрылды. «Kazakhstan-Korea Drone Systems» ЖШС Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің әлеуметтік серіктесіне айналды. Соның нәтижесінде дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алып, осы компанияда еңбек етіп жүрген екі студент-программист - Иван Доронин мен Денис Госс Оңтүстік Кореяның Ансан қаласына тағылымдамаға аттанды. Олардың «Preneu» компаниясы базасындағы практикалық оқуы екі аптадан астам уақытқа созылады.

Бағдарлама аясында студенттер мультикоптерлермен, ұшақ типтес дрондармен және мониторинг, картография және өндірістік міндеттерге арналған арнайы ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеуді меңгереді. Негізгі назар практикалық дағдыларға – баптау, калибрлеу, басқару, техникалық қызмет көрсету және ұшу деректерін талдауға аударылады. Сонымен қатар студенттер заманауи бағдарламалық қамтамасыз етумен және өндірістік алаңдармен танысып, дрондарды жасаудың толық циклін – идеядан бастап нақты сынақтарға дейін өз көздерімен көреді. Оқыту тәжірибелі кореялық инженерлердің жетекшілігімен өтеді, бұл студенттерге әлемдік деңгейдегі мамандардан техникалық біліммен қатар инженерлік ойлау мәдениетін де үйренуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік серіктеспен ынтымақтастықтың арқасында студенттер халықаралық деңгейде білім алу, кәсіби тұрғыда өсу және озық технологияларды меңгеру мүмкіндігіне ие болып отыр. Мұндай жұмыс форматы білім беру мен өндіріс арасындағы серіктестікті нығайтып қана қоймай, оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу мен болашақ практикалық қызмет үшін берік негіз қалыптастырады. Бұл Павлодар өңірі экономикасын әртараптандыруға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы цифрлық көшбасшы ретінде қалыптасуына қажетті кәсіби кадрларды даярлауға қосылған нақты үлес болып табылады.