Павлодарда саяжайда танысын атып тастаған ер адам сотталды
Іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлімі (Кісі өлтіру) бойынша қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам өткен жылдың қазан айында «Северный» бағбаншылығындағы саяжай үйіне танысының туған күніне келген. Олар сол жерде ішімдікке масайып, сөзге келіп қалады. Кейінірек 56 жастағы ер адам әйелімен бірге үйіне оралған бетте танысын өлтірмекші болады.
Өз ойын жүзеге асыру үшін сейфтегі «ТОЗ 34-28» маркалы мылтықты алып, саяжайға қайта оралған соң 69 жастағы танысының бел аймағына оқ атып өлтірген.
Мұндай қылмыс аса ауыр қылмыс санатына жатқызылады және 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
– Сот айыпталушының кінәсін жартылай мойындағанын және соттылықтың жоқтығын ескере отырып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады, – деп жазылған сот үкімінде.
Сотталушы жазаны ең жоғарғы қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енбеді.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.