Павлодарда облыстық асық ату турнирі өтті
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Асық STRIKE» жобасы бойынша облыстық асық ату турнирі ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дода Павлодар облысының Білім беру басқармасының бастамасымен «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында өтті. Жарысқа облыстың қала және аудандарында өткен іріктеу кезеңдерінен өткен үздік командалар қатысты.

Турнир жеңімпаздарын Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенова құттықтап, ұлттық ойындардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастардың табандылық, ептілік пен достық қасиеттерін қалыптастырады.
Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Баянауыл ауданының командасы иеленді. Екінші орын Павлодар қаласының командасына бұйырса, үшінші орынды Павлодар ауданының командасы алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен, медальдармен және сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын алған командаға велосипедтер табысталды.
Білім беру басқармасының қолдауымен Наурыз мерекесі мен Балаларды қорғау күні қарсаңында «Асық STRIKE» жобасы аясында шаршы аланда жаңа турнирлер өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық ойындар арқылы рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру бағытындағы бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Күні кеше «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында «Асық STRIKE» атауымен арнайы бөлме ашылды.