Павлодарда тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды
Жеңімпаздар Стамбулда өтетін халықаралық турнирге жолдама алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарға тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150 спортшы келді. Жарыс 14 жастан асқан қыздар мен ер балалар арасында ұйымдастырылды. Үздіктер рапид және блиц турнирлерінде таңдалады. Әр номинация бойынша алтын және күміс жүлдегерлер сәуір айында Түркияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алады.
Қатысушылар үш қаладан – Алматы, Астана мен Шымкенттен және 14 облыстан келді.
Қазылар алқасының құрамында ұлттық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Хазірет Тұрсын, тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов, сондай-ақ облыстық тоғызқұмалақ федерациясының жаңадан сайланған басшысы Махамбет Амангелді сынды еңбек сіңірген спорт қайраткерлері болды. Қазылар алқасының төрағасы павлодарлық шахмат және тоғызқұмалақ бойынша жаттықтырушы Шәріп Қашкенов болды.
– Өткен жылы екі павлодарлық спортшы – Жанат Қаймуллин мен Ринат Керебаев чемпион атанды. Биыл да жеңістер күтіп тұр деп сенемін, – деді облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Арыстан Қапаев.
Қатысушылардың бірі Қуаныш Қалелов Қостанайдан келді. Жас жігіт тоғызқұмалақпен тоғыз жасынан айналысады. Ол осы турнирге тәжірибе жинақтау үшін қатысуда.
– Бұл ойын маған ұнайды, өйткені математикалық ойлауды дамытады, есте сақтауды жаттықтырады және тәртіпке үйретеді. Осы уақытқа дейін тоғызқұмалақтан жетістіктерім жоқ, бірақ биыл өзімді көрсетемін деген ойдамын, – деп Қуаныш жоспарларымен бөлісті.
Тәжірибелі қатысушы – ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова. Бойжеткен небәрі 21 жаста болса да тоғызқұмалақтан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Халықаралық чемпионаттарда екі рет жеңіске жеткен.
– Мен бұл ойынды сегіз жасымнан бастап ойнаймын. Үлкен әпкем маған үлгі болды. Қалалық, кейін облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатыса бастадым. Бір жыл үзіліс алдым, декреттік демалыста болдым, енді турнирлерге қатысуды жалғастырдым, – дейді Гүлжанат.
Турнирге барлығы бес еңбек сіңірген спорт шебері, 23 спорт шебері және 74 спорт шеберіне үміткер қатысуда. Рапид турнирінің жеңімпаздары 22 қаңтарда, блиц-турнир жеңімпаздары 24 қаңтарда белгілі болады.