Ақтоғайда ат спортынан жарыстар өтті
Жалпы жүлде қоры бес миллион теңгені құрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының 85 жылдық мерейтойына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мереке ұлттық спортпен жалғасын тапты. Облыстың әр түкпірінен келген спортшылар бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, көкпар спорттары бойынша бақ таластырды.
Ақтоғай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мұхитовтың айтуынша, аударыспаққа облыстан елу қатысушы келген. Олардың қатарында Ақсу, Екібастұз, Ертіс, Успен сынды аудандардан келген палуандар болды.
– Аударыспақтан облыстық чемпионатты мерейтой қарсаңында өткізу ұсынылды. Бастапқыда мерейтой бағдарламасында жоқ еді. Ол үшін бізге бөлек орын берілді, – деді Нұрбол Мұхитов.
Чемпионатта бірінші орынды Ақтоғай ауданының құрама командасы жеңіп алды. Екінші орынға Ертіс ауданының командасы іліксе, үшінші орынға Шарбақты ауданының палуандары алды. Аталмыш жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері спорт басқармасының медальдарымен және грамоталарымен марапатталды.
Көкпар ойындары да назарсыз қалған жоқ. Бұл жарыста 12 адамнан тұратын 7 команда өнер көрсетті. Көкпарға қатысуға Ақмола облысы Бестөбе ауылының командасы да келді.
Жарыс барысында жас ерекшелігі бойынша шектеу болған жоқ. Көкпаршылардың ең үлкені 50 жастағы Азамат Мәуенов болса, кенжесі 17 жастағы мектеп оқушысы Диас Төлеу болды. Жас шабандоздың командасы жарыста жеңіске жетті.
– Мен 11-сыныпта оқимын. Екібастұздың Ақкөл ауылынан келдім. Мықты көкпаршылар жетерлік. Бірақ көкпаршы ағаларымыздың арқасында бүгін жеңіске жеттік, – дейді Диас Төлеу.
Күміс жүлдені Ақмола облысынан келген команда иеленді. Үшінші орынды Ақтоғай ауданының командасы жеңіп алды. Жеңімпазға 500 мың теңге табысталды. Екінші орын иегерлері 300 мың теңге алса, қола жүлдегерлер 200 мың теңгені иеленді.
Ат жарысы бәйгенің Аламан, Топ, Тай түрлері бойынша ұйымдастырылды. Аламан бәйгеге Семей, Астана, Қарағанды сынды облыс, қала және ауылдардан 21 шабандоз қатысты. Ертіс ауданының жылқысы бірінші келді. Жылқының тізгінінде отырған Әмір 1 миллион теңгенің иегері атанды. Екінші орынды және 600 мың теңгені ақмолалық Мұрат Жандос алса, үшінші болып мәрегесолтүстік Қазақстаннан келген шабандоз Әлихан Кеңес жетіп, 400 мың теңгелік сертификат ұтып алды.
Топ бәйгеде семейлік Әлішер бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Арсен атты шабандоз алса, үшінші орын Сабыр Бағұсқа бұйырды.
Бес шақырымдық тай бәйгеде Әмір Серік мәреге бірінші жетті. Екінші орынды Жалаулы ауылынан келген Асылмұрат Тұрсынай алды. Үшінші орынды қарағандылық Әлихан Жәкішев.
Тай және Топ бәйгеде бірінші орынға – 500 мың теңге, екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орынға – 200 мың теңге табысталды.
Айта кету керек, бәйгеде ер балалардан бөлек қыз шабндоз да бақ сынап көрді. Ерлермен бірге додаға түскен Жалаулы ауылының оқушысы Арай Мұса жүлдегер атанбаса да, ерекше көзге түсті.