Павлодарда деменциямен ауыратын зейнеткер табылды

Қарияны тәртіп сақшылары анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны 68 жастағы әкесінің жоғалып кеткені туралы хабарлаған.
– 23 маусым күні сағат 22:00-де жалғыз тұратын әкем үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Бұған дейін ол ешқашан жоғалып көрмеген. Бір тәулік бойы өзіміз іздеп көрдік, бірақ нәтиже болмады. Содан кейін полициядан көмек сұрадым. Олар бірден іздеу шараларын ұйымдастырды. Куәгерлерден әкемнің сыртқы келбетіне ұқсас адамды көргендері анықталып, жедел уәкілдер оның жүріп өткен бағытын анықтады. Нәтижесінде қалалық аулалардың бірінен әкем аман-есен табылды, – деді әйел адам.
Ол әлеуметтік желіде тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
– Полицейлер қызметтегі жүктемеге қарамастан, бізді қиын жағдайда жалғыз қалдырған жоқ. Бұл жігіттерге адамгершілік, қайырымдылық пен жанашырлық тән. Шын жүректен алғысымды білдіремін, – деп жазды хабарлама авторы.
Полиция қызметкерлері қарт ата-аналарға мұқият қарауға шақырады, себебі мұндай жағдайлардың алдын алу – әр адамның жауапкершілігі.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша із-түзсіз жоғалған 20 адамның 15-і табылып, үйлеріне қайтарылды.