Май ауданында «Анаға тағзым» саябағы бой көтерді

Май ауданында «Анаға тағзым» саябағы бой көтерді
Фото: Марат Әбілқасымов

Бұл – тұрғындардың бастамасы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

аңа мүсіндік композицияның да тұсауы кесілді «Анаға тағзым» саябағы Май  ауданының Май ауылында ашылды. Жаңа демалыс орны туған жерін көркейтуге атсалысқан ауыл тұрғындары мен осы елді мекеннен шыққан азаматтардың бастамасымен бой көтерді.

Қоғамдық кеңістіктің басты көркі – аналық мейірімге, ұрпақтар сабақтастығына және отбасылық құндылықтарға арналған монументалды мүсіндік композиция. Оның авторы – павлодарлық танымал мүсінші Марат Абылқасымов.

Шебердің айтуынша, оған ескерткіш жасау жөнінде ұсыныспен Май ауылының тумалары Ербол және Жанбол Қайырхановтар келген.

– Олар шағын саябақ салу үшін қаржы жинап жатқанын айтып, оған арнап мүсін жасауға бола ма деп сұрады. Композицияда екі әйел бейнесі болуы керек деді: бірі домбыра ұстап тұрса, екіншісі сәбиін көтеріп тұрады. Жанында бесік орналасуы тиіс болды. Сонымен қатар, олар домбыра ұстаған әйелдің бейнесі Қазақстанға танымал емші Санира апайға ұқсағанын қалады, – дейді мүсінші.

Марат Абылқасымов бұл жұмысты ақысыз орындауға келіскен. Қаржы тек материалдарға жұмсалды. Жоба бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен эскиз әзірленді, кейін сурет нұсқасы жерлестерге келісуге жіберілді. Одан соң шебер пластилиннен үлгі жасап, композицияны дайындауға кіріскен.

Ескерткіштің ортасында ұлттық киім мен дәстүрлі бас киім киген егде жастағы әйел бейнеленген. Оның образы даналық, өмірлік тәжірибе және отбасы дәстүрлерінің сақтаушысын білдіреді. Үлкен ананың оң жағында ұлттық ою-өрнекпен безендірілген бесік орналасқан. Ол жаңа өмірдің басталуы, балаға деген қамқорлық пен ұрпақ жалғастығын паш етеді.

Нысанның салтанатты ашылуына ауыл тұрғындарымен қатар, бүгінде басқа өңірлерде тұратын көптеген жерлестер келді. Санира апайдың құрметіне ас беріліп, бәйге ұйымдастырылды.

– Жобаның бастамашылары туған ауылына үлкен сый жасады. Бұл шара туған жерінің болашағына бейжай қарамайтын жерлестердің басын қосты, – дейді Марат Абылқасымов.

Мүсінші 2013 жылы Май ауылының кіреберісінде биіктігі тоғыз метрлік мүсін жасап, орнатуға атсалысты. Ал биыл жазда шебер Павлодар қаласындағы жаңа арт-нысан – «ғалым үкінің» де авторы атанды.