Павлодарлық депутаттар оқушыларды мектепке дайындауға көмектеседі

Павлодарлық депутаттар оқушыларды мектепке дайындауға көмектеседі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

11–30 тамыз аралығында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Павлодар облысында «Баланы мектепке дайындайық» атты республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Игі шара жаңа оқу жылы алдында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көмекке мұқтаж отбасыларға нақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Акцияға «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық және қалалық филиалдарының қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, кәсіпкерлер мен еріктілер қатысады.

– Шара аясында облыс бойынша оқушыларға арналған мектеп сөмкелері, кеңсе тауарлары, мектеп формасы және өзге де қажетті оқу құралдары табысталмақ. Бастаманың басты мақсаты – балаларды жаңа оқу жылына дайындап қана қоймай, қоғамда жанашырлық пен ортақ жауапкершілік сезімін нығайту, – деп атап өтті партияда.

Қайырымдылық акциясына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін партияның өңірлік филиалдарына жүгінуге немесе @amanat_pavlodar Instagram парақшасына хабарласуға болады.