Павлодарда он бір айлық сәби қызылшаның салдарынан реанимацияға түсті
Қызылша ауруының салдарынан баланың жағдайы асқынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық балалар ауруханасы директорының жұқпалы аурулар стационары жөніндегі орынбасары Әсел Байғанова мәлім етті.
– Бүгінгі таңда облыстық балалар аурханасында бес бала қызылша диагнозымен ем қабылдауда. Осы балалардың ішіндегі бір балада қызылша ауруының асқынуы орын алды. Ол ауру салдарынан пневманиялық дертке шалдықты. Бүгінде баланың жағдайы ауыр, реанимацияда ем қабылдауды жалғастыруда, – дейді Әсел Байғанова.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері облысымызда 80 адам қызылша ауруына шалдыққан. Оның ішінде бір жасқа толмағандар - 6, бір жастан 14 жасқа дейінгілердің саны – 55, 15 жастағы жеткіншектер саны – 1, ересектер – 18.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова тұрғындар діни көзқарас салдарынан вакцинадан бас тартатынын атап өтті.
– Тұрғындар әртүрлі себептермен екпеден бас тартады. Олардың 67 пайызы белгісіз себептерімен, 9 пайызы діни көзқарасына байланысты, 13 пайызы екпеге сенбегендіктен және 0,4 пайызы түрлі негативті пікір естігенен соң бас тартады, – дейді Зәмзәгүл Досжанова.
Сондай-ақ ол Түркістан облысында қызылшаның асқынуы салдарынан екі бала қаза тапқанын атап өтті.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері республикада қызылшаның 11 000-нан астам жағдайы тіркелді, оның 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл ретте, қыркүйек айында сырқаттанушылық 2,1 есеге өсті, қазан айында 1,3 есе өсім тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан алуға болады. Вакцинацияланбаған 30 жасқа дейінгі адамдар үшін тегін екпе салынады. Балалар ұлттық вакцинация күнтізбесі бойынша 12-15 айда және алты жаста екпе алады.