Павлодарлық эпидемиолог: Метапневмовирусқа дабыл қағудың қажеті жоқ
Ол жыл сайын анықталатын жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық СЭБД-ның инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Күлмағамбетова мәлім етті
– Метапневмовирус – қарапайым респираторлық вирустардың бірі. Ол ерекше инфекцияға жатпайды. Бұл вирус жыл сайын анықталады. Бүгінде облысымызда метапневмовирустың екі жағдайы тіркелді. Метапневмовирус өткен эпидемиологиялық маусымда және 10 жыл бұрын да болған, – деді Гүлмира Күлмағамбетова.
Оның сөзінше, Қазақстанда метапневмовирус патогендік штамға айналғаны туралы әлі ресми ақпарат жоқ.
Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде метапневмовирустың эпидемиологиялық жағдайы мен таралуына қатысты түсініктеме берілді.
– Адам метапневмовирусы – көптеген елдерде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустардың бірі. Бұл вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды, – деді министрлікте.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусымның басында республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустарға 8 360 үлгі зерттелген. Оның ішінде оң 1866 (22%), оның ішінде паратұмау – 178 (9,5%), РС вирусы – 433 (23,2%), метапневмовирус – 30 (1,6%), риновирус – 680 (36,4%), бокавирус – 113 (6,1%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%). Метапневмовирус негізінен ауа тамшылары арқылы және аз жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады.