Павлодарда он сегіз жасқа толған сайлаушы алғаш рет дауыс берді

Павлодарда он сегіз жасқа толған сайлаушы алғаш рет дауыс берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ол Павлодар қаласындағы №596 референдум учаскесінде өз таңдауын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Барлық сайлау учаскелері тәрізді таңғы сағат 07:00-де дауыс берушілерге есігін айқара ашқан мекеменің бірі облыс орталығындағы №596 сайлау учаскесі болды. Ол  Достық шағын ауданындағы №48 мектеп ғимаратында орналасқан. Аталмыш білім ошағы биыл ғана ашылған жаңа нысан болып табылады.

Өз учаскесіне таңнан келіп, таңдау жасағандардың бірі – жас сайлаушы Асиля Нұртазинова. Ол биыл ғана 18 жасқа толған. Бұл - оның алғашқы дауыс беруі.

-  Мен үшін бұл - маңызды сәт. Елдің болашағына өз қатысым бар екенін сезінемін, – дейді Асиля.

Осы ретте учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Айнұр Бекбаева мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беру шарттары туралы айтып берді.

- Біз барлық қажетті дайындық жұмыстарын жүргіздік. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалған. Кіре беріс есіктен бастап, мына жерде тактильді жолдар орнатылған.  Онымен қоса компьютерлер қойылған, оның ішінде референдумға қатысты барлық материалдарды ала алады. Яғни мұнда арнайы электорндық нұсқауларын жүктеп қойдық, – деді ол.

Айнұр Бекбаеваның айтуынша, сағат 12-ге дейін үйде дауыс беретіндердің  өтініштері жиналып, арнайы мобильді дауыс беру ұйымдастырылады.

Айта кетелік, аталмыш сайлау учаскесінде дауыс берушілердің жалпы саны шамамен 2 мың адамды құрайды.