Асайын Байханов: Абайдың даналығы бізді жақсы болуға жетелей берсін
Бүгін ұлы ойшыл, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Абай күні аталып өтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Атаулы күн аясында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңір тұрғындарына құттықтау жолдады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Абай мұрасы – ұлттың рухани өзегі, қоғамды біріктіретін, болашаққа нық сеніммен қарауға жол ашатын құндылықтардың сарқылмас қайнар көзі. Абайдың адамзат үшін әрдайым өзекті болып қала беретін ұстанымдары бар. Ол білімге ұмтылуға, адал еңбек етуге, әділетті болуға, өз ісіңе жауапкершілікпен қарауға және елдің ертеңі үшін жауапты болуға үндеді. Ұлы ақынның мұрасы уақыт өткен сайын мәнін жоғалтпай, бүгін де әрқайсымызбен сырласып, ойымызға ой қосып келеді, - деді өңір басшысы.
Асайын Байханов ұлы ойшылдың «Қара сөздері» – өмірінің әр кезеңінде қайта-қайта оралатын, әр оқыған сайын маңызды сауалдарға жауап, тағылымды ой мен рухани демеу табатын қастерлі кітаптарының бірі екенін атап өтті.
— Баршаңызға ұлы ақынның шығармаларына жиі үңіліп, оның әрбір сөзіне ой жүгіртіп, тағылымын күнделікті өміріміз бен ісімізге арқау етуді тілеймін. Абайдың даналығы бізді жақсы болуға, жауапкершілікті сезінуге, білімге ұмтылуға және туған елдің игілігі жолында адал еңбек етуге жетелей берсін, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі сөзін «Абайдың сөзі – ұлттың рухани үні, ойы – ұрпаққа аманат» деп түйіндеді.