Павлодарда баланы көлікпен қағып кетті
Жыл басынан бері облыста ЖКО салдарынан екі бала көз жұмған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Торайғыров көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған баланы «Hyundai» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші қағып кеткен.
– Аталмыш жол-көлік оқиғасының салдарынан бала әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды. Медициналық куәландыру барысында жүргізушінің мас емес екендігі анықталды, – деді департаментте.
Ал облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, баланы қарау кезінде бұғана сүйегі сынғаны анықталды. 2009 жылы туған бала травматология бөліміне жатқызылып, 12 тамыз күні ота жасалды. Бүгінгі таңда жаңдайы орташа, толық ем қабылдайтын болады.
Бүгінгі таңда кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары мәселесі өзекті болып қала береді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап облыс аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан екі бала қаза тауып, 135-і жарақат алды.