Қиын сәттегі қаһармандық: Өрттен балаларды құтқарған павлодарлықтар марапатталды
Ерлік танытқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді.
– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Осипенко көшесі, 8/3 мекенжайында орын алған өрт кезінде батылдық пен жанқиярлық танытқан батырларымыз - Қайрат Ермеков және Сұлтан Далабаевтармен кездестім. Павлодарлық қос азамат өз өмірлерін қатерге тігіп, үш бірдей баланы құтқарып қалды, - деді қала әкімі.
Шаһар басшысы кездесу барысында жігіттерге қиын сәтте шетте қалмай, туған қаласының нағыз патриоттарына тән ерлік пен азаматтық ұстаным танытқандары үшін алғысын білдірді.
– Олардың бұл әрекеті — өскелең ұрпаққа үлгі болатын нағыз батылдықтың, адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Жігіттерге зор денсаулық, отбасыларына амандық және алдағы істеріне толағай табыс тілеймін, - деді Хасар Хабылбеков.
Кездесуде бейбіт күннің батырларына Алғыс хат және 200 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Оқиға 25 мамыр күні болған. Онда тоғыз қабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы үш бөлмелі пәтердің балконында үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар жанған.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін балаларға осы үйдің тұрғыны емес, оқиға куәгері Қайрат Ермеков көмек көрсеткен. Ол көшеден өтіп бара жатып, тоғызыншы қабаттағы балконнан шыққан түтін мен өртті байқап, көмек сұраған балалардың дауысын естіген.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды қысқа уақытта ауыздықтап, өрттің одан әрі таралуына жол бермеді.
Еске сала кетейік, кеше Павлодарда суға құлаған қызды құтқарған оқушы да марапатталған еді. Батыр баланы облыстық білім беру басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова қабылдаған. Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Данил Фрикен 26 мамыр күні Усолка шағынауданында суға құлап кеткен қызға дер кезінде көмек көрсетіп, батылдық танытқан.