Павлодарда «Отбасының цифрлық картасының» жұмысы түсіндірілді
Аталмыш жүйе арқылы кез келген отбасының табысын есептеп отыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова «Отбасының цифрлық картасының» жұмыс істеу механизмін егжей-тегжейлі жеткізді.
- «Отбасылық цифрлық карта» – жабық жүйе, оған Қазақстандағы барлық азаматтар енген, - деп сөзін бастады Альмира Дисюпова. – Ол еліміздегі барлық ақпараттық жүйелермен біріктірілген. Онда азаматтар табыс деңгейі бойынша бөлінген. Табысы ең төменгі шектен аз азаматтарға проакт автоматты түрде қандай да болсын әлеуметтік көмек тағайындау туралы SMS хабарлама жолданады.
Ол бойынша адамдарға ешқандай өтініш алмай автоматты түрде зейнеткерлік көмек беру, қамқорлықсыз қалған отбасыларға жәрдемақы төлеу, көпбалалы азаматтарға жәрдемақы төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға тиесілі жәрдемақы тағайындау секілді жұмыстар жүргізіледі. Спикер атаулы әлеуметтік көмекті мысал ретінде атады.
- Мысалы, бір азаматтың отбасылық табысы кедейлік шегінен төмен болды делік. Ол азаматқа SMS келді. Ол SMS-ке міндетті түрде «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру керек. Егер ешқандай жауап келмесе, бұл азаматқа тұрғылықты жерде орналасқан әлеуметтік көмек бөлімі мамандары хабарласып жағдайды түсіндіреді. Егер азамат барлық жағдаймен келіссе, оған автоматты түрде АӘК тағайындалып, ол келесі айдан бастап бұл көмекті ала алады, - деді Альмира Дисюпова.
Айта кетейік, биыл тіркелген еңбек нарығында жұмыссыздар санының өткен жылмен салыстырғанда 37 пайыздық өсуі байқалады. Бұл «Отбасының цифрлық картасы» енгізілгеннен соң, яғни деректер нақтыланғаннан кейін орын алды.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі