Павлодарда қаза тапқан полицейдің есімі «Жас сақшы» сыныбына берілді
№41 мектепте оқушылардың құқықтық сауаты мен патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған полиция сыныбы ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жаңа «Жас сақшы» сыныбына 2015 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция аға лейтенанты Арли Харкидің есімі берілді.

Салтанатты шара полицейді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Оқушыларға құқық қорғау органдарының арнайы техникасы мен жарақтары таныстырылды. Сондай-ақ ЖҚАЖ жауынгерлері көрсетілімдік бағдарлама ұсынды.
– Осындай сыныптарды ашу – жастарды патриотизмге, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ оқушыларға болашақ мамандығын таңдауға бағытталған ІІМ-нің маңызды жобаларының бірі. Оқушылар үшін бұл – мектеп қабырғасынан бастап тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсінуге, қызметтің қыр-сырын білуге мүмкіндік, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қайыржан Шәкәрғалиев.

«Жас сақшы» тәрбиеленушілерін алда полиция қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау саласындағы мамандықтармен танысу, арнайы сабақтар мен патриоттық іс-шаралар күтеді.
Еске сала кетейік, Арли Харки – қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Павлодар облысының сегіз полиция қызметкерінің бірі. Оның есімі облыстық Полиция департаментіндегі қаза тапқан қызметкерлерге арналған Естелік обелискісіне қашалып жазылған.