Павлодарда папиллома вирусына қарсы екпені енгізу мәселесі талқыланды

Павлодарда папиллома вирусына қарсы екпені енгізу мәселесі талқыланды
Фото: Константин Шелков

Вакцина тегін салынады, бірақ ата-анасының келісімі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kzтілшісі.

Павлодар облысының денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық өңірлік штабтың мүдделі мемлекеттік органдардың және облыстың қалалары мен аудандары әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларының қатысуымен кезекті жұмыс отырысы өтті.

Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау объектілері бойынша өткізілген іс-шаралар және ағымдағы жылдың соңына дейін орындалу перспективалары жөнінде айтылды. 

Бақылау объектілерін тексеру нәтижелері бойынша берілген нұсқамалардың орындалуына мониторинг қорытындылары ұсынылды. Штаб мүшелерінің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша ұсыныстары тыңдалды. 

Сондай-ақ, иммунопрофилактиканы ұйымдастыру, оның ішінде жатыр мойны обырымен, сондай-ақ басқа да онкологиялық аурулармен сырқаттанушылықты азайту мақсатында адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялауды енгізу мәселесі көрсетілген. 

Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90%-дан астамға төмендетеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы төрт валентті вакцинамен егу жоспарлануда. АПВ вакцинасы алтыайлық аралықпен екі рет егіледі. АПВ-ға қарсы екі валентті вакцина 16, 18 типті  антигендерінен және төрт валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары.

Айта кетейік, адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді. Екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізілетін болады.