Ақтоғай ауылының тұрғындары жаңа медпунктте ем алатын болды
Бұған дейін науқастарды қабылдау жалдамалы жеке үйде болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғай ауданының Шұға ауылында жаңа медициналық пункттің салтанатты ашылуы өтті. Нысан Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында салынған.
Бұл – жыл соңына дейін ашылатын 30 нысанның үшіншісі және облыстағы 15 мыңнан астам тұрғын үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ғимараттың құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, 138 миллион теңге жұмсалды.
– Шұғада бұрын медициналық мекеме болған жоқ. Жер үйді жалға алып, медициналық пунктке айналдырып, сол жерде науқастарды қабылдайтын едік, – дейді Ақтоғай аудандық ауруханасының меңгерушісі Мәдина Сабырова.
Енді тұрғындарды медбике кабинеті, емдеу бөлмесі және екпе кабинеті бар жаңа ғимараттан көруге болады. ФАП алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған, әрі қарай емделіп, тексерілу үшін аудан орталығының ауруханасына дейін 130 шақырым жол жүруге тура келеді.
144 ауыл тұрғынына бір медбике Еркеш Өмірова қызмет көрсетеді. Ол Шұға ауылында 40 жыл еңбек етіп, науқастарды қабылдайтын тұрақты орын тапты.
– Еркеш Айтбайқызы әйелдерді босандырып, жараларды тігеді, барлығын өзі жасайды. Оның енді жайлы ғимаратта отыратындығына өте қуаныштымын. Ол осы жерде жұмыс істеген уақытта біресе мектепте, біресе жеке үйде жұмыс істейтін, тұрақты орын болмады. Енді еш алаңсыз сүйікті ісімен айналысатын болады, – деді денсаулық саласының ардагері Сара Жайықбаева.
Аурухананың ашылуына аудан әкімі де қатысты. Оның айтуынша, жаңа медициналық орталық уақтылы әрі білікті медициналық көмек көрсететін маңызды орталыққа айналады.
– Ағымдағы жылы ауданға әртүрлі бес дәрігер мен 10 орта буын медицина маманы келді, бұл кадрлық әлеуетті күшейтіп, ауыл тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттырады, – деп қосты Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.
Медпунктте заманауи құрал-жабдықтармен, соның ішінде телемедициналық кардиограф, дефибриллятор және физиотерапевтік құрылғылармен жабдықталған. Бұл қажетті көмек пен шұғыл емдеуді орнында көрсетуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Май ауданының Ақжар ауылында жаңа медициналық пункт есігін айқара ашты. Ол 500 ауыл тұрғынына арналған, сонымен қатар жаңа техникамен жабдықталған.
Фото: Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі