Павлодар облысында алдағы күндері 40°С дейін аяз күтіледі
Құтқарушылар дауыл туралы ескерту алған кезде сапарды кейінге қалдыруға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» филиалының мәліметі бойынша, желтоқсанның 6-сынан 7-сіне қараған түні облыстың солтүстігінде ауа температурасы 25-30 градусқа дейін күрт төмендейді, 8 желтоқсанда түнде 32-37 градус аяз, облыстың солтүстігінде 40°С қатты аяз күтіледі.
– Ауа температурасы төмен болған кезде үсік шалудың алдын алу үшін көшеде ұзақ уақыт жүрмеңіздер және балаларыңызға сыртқа шығуға рұқсат бермеңіздер, елді мекендердің маңынан аса қажеттіліксіз шықпау ұсынылады. Егер де елді мекендердің аумағынан шықсаңыз, жол жүру маршруты бойынша және соңғы пунктке келу уақыты туралы жақындарыңыз бен туысқандарыңызға хабар беріңіз, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінде.
Сонымен қатар келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді:
Сыртта тым ұзақ болмауға тырысу және жылы киіп жүру;
Үсік шалу жиі байқалмайды, сондықтан бет терісінің сезімталдығын жиі тексеріп, саусақтарыңызды үнемі қозғалтып отыру;
Қатты жел кезінде бетіңізді шарфпен немесе бетпердемен жаб;. Аяқтың үсіп қалуын болдырмау үшін көбірек қозғалу;
Балаларды мектепке жібермес бұрын сабақтардың тоқтатылмағанына көз жеткізу;
Жолдардағы апатты жағдайларды болдырмау үшін жылдамдық режимі мен қашықтықты сақтау;
Жел күшейген жағдайда сыртта жүргенде, жақын маңдағы электр желілерінен аулақ болу;
Үйлердің карниздерінен, шыны витриналардан, жарнамалық стендтерден аулақ болу, шатырлар мен ағаштардың жанында тұрмау, олардың жанында көліктеріңізді қоймау;
Алыс қашықтыққа шықпас бұрын жоспарлаған бағыттағы жолдың ашық екеніне «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы көз жеткізу;
Дауыл туралы ескерту алған кезде сапарды кейінге қалдырып, ауа райының жақсаруын күту.
Төтенше жағдайлар кезінде және шұғыл көмек көрсету қажет болған жағдайда құтқару қызметіне «112» нөмірі бойынша қоңырау шалу қажет.