Павлодарда полиция ата-аналарға қысқы демалысқа байланысты ескерту жасады
Тәртіп сақшылары ересектерді заң талаптарын қатаң сақтауға және жасөспірімдердің бос уақытын бақылауға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қысқы мектеп демалысы кезеңінде полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді кәмелетке толмаған балалардың мінез-құлқына, бос уақытын тиімді өткізуіне және қауіпсіздігіне бақылауды күшейтуге шақырады.
– ҚР заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта, яғни сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынғанын еске саламыз. Аталған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген, – делінген хабарламада.
Заң сақшылары ата-аналардан балалардың қауіпсіз әрі пайдалы демалысын қамтамасыз етуді, жол қозғалысы және өрт қауіпсіздігі ережелерін үнемі еске салуды, сондай-ақ олардың түнгі уақытта көшеде, аулаларда және ойын-сауық орындарында болуына жол бермеуді сұрайды.