Чек-лист: Павлодарлықтар ЖКО кезінде не істеуі керек?

Күн сайын Павлодар облысының жолдарында орта есеппен сегізге дейін жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Оқиғаға қатысушылар үшін мәселе «102»-ге қоңырау шалумен аяқталмайды. Мұндай жағдайларда жүргізушілер нені ескеруі керек екенін @Pavlodarnews.kz тілшісі патрульдік полиция батальонының кезекші инспекторы Алмаз Ахметовтен сұрап білді.
Жеңіл ЖКО кезінде: Егер зардап шеккендер болмаса, көліктерде зақым аз болса және екі тарап келісімге келсе, полиция шақырмай-ақ, мәселені сол жерде шешуге болады.
Алайда келісімге келе алмаған жағдайда, мынадай жалпы тәртіп бар:
1. Көлік жүріп-тұрған жағдайда болса, апатты белгі шамын қосыңыз. Көптеген заманауи көліктерде соқтығыс кезінде бұл автоматты түрде қосылады.
2. Апаттық тоқтау белгісін жол бойымен жүріс бағытына қарай шамамен бес метр қашықтыққа қойыңыз.
3. ЖКО орнын қарап шығып, зардап шеккендердің бар-жоғын анықтаңыз. Қажет болса, 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз. Қосымша полицияға қоңырау шалудың қажеті жоқ – жедел жәрдем диспетчері автоматты түрде хабарлайды.
4. Фотосурет және видео түсіріңіз: көліктердің орналасуы, зақымданған тұстар, қарсы тараптың нөмірлері, жалпы көрініс – бұл тергеу кезінде қажет болады.
5. Көлікті аздап жылжытуға болады, мысалы, жолға кедергі келтірмес үшін. Бірақ оған дейін көліктің орнын фотоға түсіріп алыңыз. Оқиға орнынан кетуге болмайды. Егер біреуіне медициналық көмек қажет болса және ол өзі барып жатса, ол міндетті түрде екінші тарапқа өз деректерін қалдырып, кейін медициналық анықтамасын көрсетуі тиіс.
– Оқиға орнына келген соң, мен жүргізушілерді жеке-жеке сұрап, кім қайдан келгенін, қалай соқтығысқанын анықтаймын. Кейін өлшеу жұмыстарын жүргізіп, көліктердің орналасуын, жолдың ені мен басқа да параметрлерді белгілеп, бастапқы сызба сызамын, – дейді Алмаз Ахметов. – Барлық өлшемдер аяқталғаннан кейін қатысушылар медициналық куәландырудан өтеді, кейін патрульдік полиция бөліміне барып, хаттама мен нақты сызба жасалады.
Егер ЖКО кезінде жаяу жүргінші зардап шексе:
Бұл жағдайда әрекеттер реті өзгереді:
1. Апаттық шамды қосып, бірден көліктен шығып, зардап шегушіге көмек көрсету керек. Жағдайын бағалап, жедел жәрдем шақырған жөн.
2. Апаттық белгі орнату керек. Оқиға орнынан қашып кетуге болмайды – бұл үшін 50 АЕК-ке дейін айыппұл немесе бір жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.
Құқықтық аспектілер: егер жол-көлік оқиғасында жәбірленуші болса, тек жол-патрульдік полиция ғана емес, жедел-тергеу тобы да іске тартылады. Барлық қажетті шаралар аяқталғаннан кейін, көлік айып тұрағына эвакуацияланады. Ол тергеу мен сот ісі біткенше сол жерде тұрады. Айып тұрағындағы көлік үшін ақы алынбайды, бірақ эвакуатор қызметін көлік иесі төлейді.