Павлодар облысының тұрғындарына қолайсыздық туғызған шенеуніктер жазаланады

Павлодар облысының тұрғындарына қолайсыздық туғызған шенеуніктер жазаланады
Фото: автор

Мемлекеттік қызмет істері департаменті жеті мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында басқарманың бас маманы Расул Ахмеджанның хабарлауынша, қызмет алушылардың құқықтарының сақталуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде тұрғындарға қызмет көрсетуден себепсіз бас тартудың 35 фактісі анықталды.

- Ақсу қаласының жер қатынастары бөлімімен мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің бұзылуына әкеліп соқтырған он аралық жауаптар фактісі анықталды, - дейді Расул Ахмеджан. – Департамент лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік хаттамалар қозғау үшін материалдар дайындап жатыр. Мұндай фактілер азаматтардың телефон соғуына, бас тарту себептерін анықтау үшін мемлекеттік органға келуіне немесе мемлекеттік қызметке қайта жүгінуіне алып келеді.

Ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басқарма басшысы Асхат Ескендіров алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтарға жол берген қала, аудан әкімдері жауапқа тартылатынын айтып қорқытты.

Сондай-ақ департамент мемлекеттік қызметтер бағытындағы ресми органдардың интернет-ресурстарына мониторинг жүргізді. Расул Ахмеджанның айтуынша, сайттарда мемлекеттік қызметтердің төлқұжаттарының болмауы, оларды алу ережелері, қазақ тіліндегі ақпараттар жоқтығы жиі кездеседі.

Мысалы, Екібастұз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сайтында Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккендерді тіркеу, тұрғын үй көмегін тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтердің ескірген төлқұжаттары орналастырылған – барлық мәліметтер тек орыс тілінде келтірілген.

- Мемлекеттік органдар өз сайттарын қадағаламайды – бұл бүкіл мемлекеттік аппаратқа қатысты мәселе, - деп атап өтті Асхат Ескендіров. – Бұл әзірге бірінші мониторинг болды. Әзірге ешкімді жазаламаймыз. Барлығына мемлекеттік қызметтер туралы ақпаратты ретке келтіру және оны жаңарту ұсынылады.

Сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері ресми сайттарда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне автоматты түрде сілтеме жасау функциясын қамтамасыз етуді, ақпаратты екі тілде орналастыруды, зағип жандарға жағдай жасауды ұсынды.