Облыс әкімі Екібастұзда жылдамдатып ыстық су беруді тапсырды
Облыс әкімі Екібастұздағы ЖЭО жөндеу жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі кезде ЖЭО газ құбырлары мен түтін мұржасын жөндеуге кірісті. Жұмыстардың бірінші кезеңінде аралық біліктерді орнату, газ құбырларын бөлшектеу, төбелерді жөндеу, қабырғаларды орнату және № 6, 7, 8, 9 қазандық агрегаторларының газ құбырларын қалпына келтіру жүргізіледі. Кейін № 3 түтін мұржасын жөндеу басталады.
Осы жұмыстар барысында ішкі астарын жаңарту, қышқылға қарсы өңдеу, сыртқы жабынды жөндеу, бетон қабатын қалпына келтіру, жарық қоршауларын ауыстыру сынды жұмыстар атқарылады.
Кеншілер қаласында жылумен қамту желілерінің де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Екінші жылу магистралінде ұзындығы 853 метрлік құбыр мен 6 жылу камерасы бөлшектеліп, жаңа құбырларды орнату үшін топырақ қабаты төселуде.
Аймақ басшысы желілерді жөндеу жұмыстарының қарқынын баяулатпай, оларды 12 маусымға қарай аяқтап, Екібастұз тұрғындарына жылдамдатып ыстық су беру керек екенін атап өтті.
Айта кету керек, гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақаулар жойылып, жылу желілері жаңартылуда. Қазіргі кезеңде анықталған 269 ақаудың 220-сы жойылды, осы жұмыстың барысында 12 км желі құбырлары толығымен ауыстырылды.