Павлодарлық ардагерлер Жеңіс күні қарсаңында концерт өткізді

Естай атындағы мәдениет сарайында «Мәңгілік естелік» гала-концерті өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны облыстық ардагерлер кеңесі ақпарат және қоғамдық келісім, мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармаларымен бірлесіп ұйымдастырды. Кеш Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Концерт басталмас бұрын фойеде облыстың түкпір-түкпірінен келген ардагер ұйымдардың халық өнері шеберлерінің көрмесі өтті.
Мәселен, Май аудандық мәдени-демалыс орталығының мұражайы Ақшиман ауылынан табылған археологиялық жәдігерлер көрмесін ұсынды. Жинақ жергілікті әуесқой археолог Нұрбек Жұмаділовке тиесілі. 17-19 ғасырлардағы ыдыс-аяқтың сынықтары, қару-жарақ, тұрмыстық заттар бар. Мұражай директоры Алтынбек Байғалиев түсіндіргендей, жинақты белгілі ғалым Виктор Мерц жүйелеген.
Кеш қонақтары рухани баюды концерт залында жалғастырды. Ардагерлерді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қарсы алды. Ол мерекенің маңыздылығына ерекше тоқталды.
- Бұл мереке туған жерімізді қолына қару алып қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің теңдесі жоқ ерлігінің жарқын белгісі, - деді ол. – Сол жылдары қазақстандықтар, оның ішінде павлодарлықтар да адам сенгісіз ерлік пен қаһармандық көрсетті. Аға ұрпақ алдында өтелмес қарыздармыз. Олардың батылдығының, қайсарлығының және патриотизмінің арқасында біз бейбіт өмір сүріп, жарқын болашақты құрудамыз. Жастарымыз осындай үлгі-өнегеге қарап бой түзеуі керек. Әр шаңыраққа бақыт, келісім, жақсылық тілеймін.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев те жерлестерін келе жатқан мерекемен құттықтап, барша қазақстандықтарға бейбітшілік тіледі. Сондай-ақ осы гала-концертпен қорытындыланған шығармашылық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Сонымен, Баянауыл ауданы, Павлодар және Екібастұз қалаларының ардагерлер ұйымдары үздік атанды.
Концерттік бағдарламаны айтыскер Бейсенбі Мұқажанов ашты. Ол Жеңістің 80 жылдығына арнау жолдады. Мерекелік кеш Қ. Дәржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебі оқушыларының өнер көрсетуімен аяқталды.