Павлодар облысында аудандарда әйелдерге арналған дағдарыс орталықтарын ашу ұсынылды

Әлеуметтік осал отбасыларды қолдау шаралары өңірде өткен кеңесте талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді.
Негізгі назар – қиын жағдайға тап болған әйелдер, балалар, қарттар мен отбасылардың құқықтарын қорғауға бағытталды.
Талқылауға кеңес төрайымы Марина Стрелковская, облыстық мәслихат депутаттары Сандуғаш Қалижанова мен Света Әбдіраманова, Қазақстан әйелдер күштері альянсының өңірлік бөлімше жетекшісі Раушан Даумова, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Негізгі тақырыптар ретінде кәсіби патронаттық отбасылар институтын енгізу, 2024–2025 жылдардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен әлеуметтік тұрақсыздықтың себептері мен қолдау шараларын талдау айтылды. Қатысушылар белгілі бір ілгерілеуді атап өткенімен, дағдарыс орталықтарының жетіспеушілігі, халықтың ақпараттану деңгейінің төмендігі және кадр тапшылығы секілді түйткілді мәселелерге де тоқталды.
Отырыс қорытындысында кеңес мүшелері қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған дағдарыс орталықтарын тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мен әлеуметтік қорғауды күшейту бағытында жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.