Павлодарда мас жүргізуші жеті жылға куәлігінен айырылды
Өңірде «Мас жүргізуші» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 38 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 890 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
– Сағат 22.50 шамасында Железин ауданы ауылдарының бірінде полицейлер «Ravon R3» маркалы автокөлікті басқарған 30 жастағы ауыл тұрғынын тоқтатты. Жүргізуші мас болды және бұл медициналық куәландыру қорытындысымен расталды, – деді департаментте.
Патрульдік полиция осындай бұзушылық үшін Павлодар қаласында сағат 08.50-де Лермонтов көшесінде күдік тудырған «Toyota LC» маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Медициналық куәландыру нәтижесі жүргізушінің мас күйінде болғанын көрсеткен.
Екі жағдайда да жүргізушілерге қатысты әкімшілік істер қозғалып, сотқа жіберілді. Құқық бұзушылар сот шешімімен 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Бұдан бөлек, облыс жолдарында 40 жүргізушінің басқару құқығы болмаған, үш жалған нөмірлері бар көлік құралымен жүрген, 19 тиісті рұқсатсыз автокөлікті қайта жабдықтаған, 158 қауіпсіздік белдігін тақпаған, 148 жылдамдық режимін асырған, жолдарда авариялық жағдай тудырған 21 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ көпшілігі техникалық тексеруден өтпеген. Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.