Павлодарда саябақта тротуармен жүрген жүргізуші әйел жазаланды
Оның бұл әрекеті видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде «Toyota Camry» маркалы автокөліктің жүргізушісі жол жүру ережесін бұзғаны туралы бейнежазба анықталған.
– Тәртіп сақшылары видео бойынша тексеру жүргізді. Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторлары сағат 23.00 шамасында Павел Васильев атындағы саябақта жүргізуші тротуармен жүріп өткенін анықтады. Ол Қазақстан Республикасы Жол жүру ережесінің 9.68 тармақшасын бұзған, – деді департаментте.
Заңды бұзған 1991 жылы туған әйел адам болып шыққан. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, биыл полицейлер жолдың жүру бөлігінде көлік құралын орналастыру, қарсы жол айрығы немесе басып озу, оның ішінде жаяу жүргіншілер жолдарында, жол жиектерінде немесе тротуарларда жүру ережелерін бұзудың 133 фактісінің жолын кескен. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.