Павлодарда шала туған нәрестелерге «кенгуру» әдісі қолданылады
Сәбилерді күтіп-баптауда аналарға психологиялық қолдау көрсету де маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық перинаталдық орталығында дене салмағы 500–600 грамм болып туған сәбилерді қоса алғанда, шала туған нәрестелерді күтудің заманауи әдістері қолданылады.

Орталық директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Инесса Высоцкаяның айтуынша, мерзімінен бұрын босану жалпы босану көрсеткішінің шамамен 10 пайызын құрайды. Мұндай нәрестелердің ағзалары толық жетілмегендіктен, олар жеке емдеуді және тұрақты медициналық бақылауды қажет етеді.
- Біз жүктілікті мүмкіндігінше ұзартуға тырысамыз. Өйткені ана құрсағын ешқандай инкубатор алмастыра алмайды, — деді Инесса Высоцкая.
№1 перинаталдық орталықтың неонаталдық қызметінің жетекшісі Жаңылай Қапанованың айтуынша, шала туған нәрестелерде тыныс алу бұзылыстары, апноэ, дене температурасын реттеу қиындығы, қаназдық және басқа да асқынулар болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда сәбилер реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылып, тұрақты бақылауға алынады.

Мұндай балаларды күтіп-баптауда тыныс алуын қолдау, ана сүтімен қоректендіру және «кенгуру» әдісі, яғни нәрестені анасының кеудесіне тері арқылы жанастыру тәсілі қолданылады. Ауруханадан шыққаннан кейін балалар бір жасқа толғанға дейін катамнез кабинетінде мамандардың бақылауында болады.
- Ауруханадан шыққан соң да жұмысымыз жалғасады. Балалар мамандардың бақылауында болады, ал ата-аналарға шала туған нәрестені күту, тамақтандыру және күнделікті күтім жасау ерекшеліктерін үйретеміз, — деді Жаңылай Қапанова.
Сәбилерді күтіп-баптауда аналарға психологиялық қолдау көрсету де маңызды. Балалар реанимациясы бөлімінің аға медбикесі Светлана Кобецтің айтуынша, медицина қызметкерлері аналарға психологиялық және физикалық тұрғыдан көмектесіп, баланың күтіміне араласуына жағдай жасайды. Ол орталықтың жетістіктерінің бірі ретінде салмағы шамамен 600 грамм болатын нәрестелерге де «кенгуру» әдісінің қолданылуын атап өтті.

Мамандар еңбегінің нәтижесін бұрынғы пациенттердің өмірінен көруге болады. Зейін Омарғазы жүктіліктің 24-аптасында салмағы 750 грамм болып дүниеге келген. Өмірінің алғашқы үш айын реанимация бөлімінде өткізген. Қазір ол төрт жарым жаста, кәдімгі балабақшаға барады.
- Дәрігерлерге алғысымыз шексіз. Олар балалармен ересек адаммен сөйлескендей сөйлеседі, аналарға психологиялық та, физикалық та көмек көрсетеді. Барлығын түсіндіріп, қолдау білдіреді. Маған баламның болашағына деген сенім көмектесті, — деді Зейіннің анасы Мадина Мұқанова. Ерлі-зайыптылар тұңғыштарын 11 жыл күткен.
Тағы бір мысал — павлодарлық Светлана Махнач құрған «Вяжем-повяжем» клубының жұмысы. Шала туған немересі Владислав дүниеге келгеннен кейін ол балаға арнап жылы киім тоқуды бастаған. Кейін екінші немересі Герман туған соң, киім жиынтықтарын тігумен айналысқан. Уақыт өте келе оған басқа әйелдер де қосылды. Қазір клубта сегіз адам бар. Олар шала туған сәбилерге арналған киімдер мен қажетті бұйымдарды ерікті түрде дайындайды.
Қазір Владислав 11 жаста, Герман жеті жаста. Екеуі де жалпы білім беретін мектептерде оқиды.
Перинаталдық орталық мамандарының айтуынша, шала туған нәрестелерді күтіп-баптау — дәрігерлердің, медбикелердің және ата-аналардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Заманауи технологиялар, әр балаға жеке көзқарас және кейінгі медициналық бақылау жүктіліктің ерте кезеңінде дүниеге келген сәбилердің де қалыпты дамуына мүмкіндік береді.