Павлодарда шетелдік студенттер қалай бейімделуде?
Қалалық үш университетте 17 елдің студенттері білім алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңірдің жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасындағы этносаралық қатынастар және жанжалдардың алдын алу мәселелері талқыланды.
– Өңірдің жоғары оқу орындарында Әзербайжан, Алжир, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Германия, Грузия, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Нигерия, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина елдерінен 410 шетелдік студент оқиды, – дейді баспасөз орталығында.
Павлодарлық университет ректорларының айтуынша, шетелдік студенттерге оқу орнына қабылданған сәттен бастап әлеуметтік, психологиялық және мәдениетаралық бейімделуге ерекше көңіл бөлінеді.
Шекараның ар жағынан келген студенттермен жұмысты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық фронт кеңсесі жүргізуде, студенттердің құжаттарын қазақ тіліне аудару, визаларын ресімдеу және тағы басқа жан-жақты қолдау көрсетіледі.
– Павлодар облысы көпұлтты өңір болып табылады. Облыстағы этносаралық жағдай тұрақты және әрдайым бақылауда. Облыста этносаралық қатынастарды дамыту бойынша ведомствоаралық жоспар қабылданды, – деді өңір басшысы Асайын Байханов.
Сонымен қатар, ол жастар арасында «Әртүрліліктегі бірлік» жалпыұлттық құндылықтары туралы ақпараттық және түсіндіру шараларының кешенін әзірлеп, іске асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, жиналыста мектеп түлектері арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары талқыланды. Аталмыш жұмысты жақсарту үшін ағымдағы жылы өңір мектептерінде педагог-кәсіби бағдар беруші бірлігі енгізілді.
Облыс әкімі оқушыларды кәсіптік бағдарлау бойынша дұрыс құрылған жұмыс оқу орнын бітіргеннен кейін алған мамандығынан бас тарту жағдайларын барынша азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Фотосуреттерді түсірген Валерий Бугаев