Колледжге қабылдау: Павлодар облысында жаңа цифрлық жүйе іске қосылды

Колледжге қабылдау: Павлодар облысында жаңа цифрлық жүйе іске қосылды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Талапкерлер өтінішті үйден шықпай-ақ бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда колледждерге қабылдау алғаш рет толық цифрлық форматта ұйымдастырылуда. Жаңа жүйе өтініш қабылдау процесін автоматтандырып, адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

25 маусымда басталған науқан аясында 9 және 11-сынып түлектері OQU порталы немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы онлайн өтініш жолдай алады. Бұл әсіресе шалғай ауылдардағы жастар үшін ыңғайлы, өйткені оқу орнына арнайы келмей-ақ барлық рәсімді қашықтан орындауға болады.

Облыстық білім беру басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жасұлан Сыздықовтың айтуынша, жүйе талапкердің негізгі құжаттарын мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде алады.

Талапкерге тек цифрлық фотосуретін жүктеп, қалаған оқу орны мен мамандығын таңдау жеткілікті. Аттестат туралы мәліметтер мен медициналық анықтама ақпараттық жүйеге автоматты түрде енгізіледі, – деді ол.

Биыл әрбір талапкер төрт колледж бен төрт мамандықты таңдай алады. Бұл бірнеше білім беру ұйымы мен түрлі бағыт бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді.

Құжат қабылдау барысын облыстық білім басқармасы OQU платформасы арқылы күн сайын онлайн режимде қадағалауда. Мамандар қай оқу орнына қанша өтініш түскенін және талапкерлердің қай мамандықтарға басымдық беріп жатқанын тұрақты түрде саралайды.

Бөлім басшысның пікірінше, жетінші тамыздағы жағдай бойынша 5 100 өтініш тіркелген. Ал таңдалған мамандықтардың жалпы саны 10 500-ден асты.

Биыл облыс колледждеріне 6 300 мемлекеттік грант бөлінді. Оның 1 738-і жұмысшы біліктіліктеріне, 4 382-сі орта буын мамандықтарына, 180-і қолданбалы бакалавриат бағдарламаларына арналған. Оқытуға қабылдау 85 мамандық пен 141 біліктілік бойынша жүргізілуде, – деді Жасұлан Сыздықов.

Байқау қорытындысы да электронды түрде жарияланады. Оқуға қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы хабарлама талапкерлерге 1414  және eGov жүйесі арқылы жіберіледі.

Қазіргі уақытта ақпараттық платформа штаттық режимде жұмыс істеуде. Қандай да бір техникалық ақау туындаса, ол әзірлеушілердің қолдау қызметіне дереу жолданып, қысқа мерзімде шешіледі. Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы мен оқу орындарының қабылдау комиссиялары талапкерлерге кеңес беріп, құжаттарды рәсімдеу барысында қажетті көмек көрсетуде.

Мамандардың айтуынша, жаңа цифрлық шешім қабылдау рәсімінің ашықтығын арттырып, уақытты үнемдеуге және барлық талапкер үшін тең мүмкіндік қалыптастыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған жұмыстарды күшейтіп келеді. Бүгінде колледж түлектерінің басым бөлігі жұмысқа орналасып, алған білімі бойынша еңбек етуде. Өңірде дуальды оқыту мен кәсіпорындармен байланыста белсенді дамуда.