Павлодарда тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы басталды
Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, «Ана тілі» орталығында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы бастау алды. Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту.
Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренеді.
– Жоғарыда аталған тегін курстармен биылғы жылдың соңына дейін 480 тыңдаушыны қамту жоспарланған. Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары басталып, жалпы облыс бойынша 901 адам оқытылды. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені» жобасы, қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, іс-шаралар атқарылуда, – дейді басқармада.
Тегін қазақ тілі курстарына 61-84-88 телефоны арқылы жазылуға және қосымша ақпарат алуға болады.
Айта кетерлігі, жыл сайын Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облысымызда барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін оқыту курстары тегін өткізіледі.