Павлодарда суретшілер Ертіс жағалауын кенепке түсірді
Қылқалам шеберлері қала келбетін өзіндік көзқарасымен бейнеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде ERTIS Creative жобасы аясында Қазақстан Суретшілер одағы мүшелерінің қатысуымен «Күзгі Ертіс бояулары» атты пленэр ұйымдастырылды.
Шараға кәсіби мамандар, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері және көркемсурет мектептерінің ұстаздары қатысты. Өнер иелері Ертіс жағалауын, өзен табиғатын, таныс көшелер мен шаһар сәулетін кенепке бейнеледі.
Пленэр Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың қолдауымен жүзеге асырылды. ERTIS Creative жобасының негізгі бағыттарының бірі – шығармашылық ортаны дамыту және өнер өкілдеріне жаңа туындылар жасауға мүмкіндік беру.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі,облыстық суретшілер одағының төрағасы Өсербай Шорановтың айтуынша, қаланың көрікті орындары оларға ерекше шабыт сыйлаған.
– Бүгінгі шараға Ертіс-Баян өңірінің қылқалам шеберлері қатысып отыр. Қаланың әсем жерлерін бейнелеу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бастаманы қолдаған қала әкіміне алғысымызды білдіреміз, – деді төраға.
Өңірде әр буын өкілдерін тоғыстыратын өзіндік көркемсурет мектебі қалыптасқан. Шеберлердің туындыларынан туған өлкенің тарихын, табиғатын және күнделікті тыныс-тіршілігін аңғаруға болады.
Пленэр барысында әр автор Павлодардың келбетін өзіндік көзқарасы мен шығармашылық қолтаңбасы арқылы жеткізді. Соның нәтижесінде дүниеге келген картиналар шаһардың табиғаты мен заманауи бейнесін өнер тілімен таныта түсті.