Павлодарда өткен жайдарманда ақтоғайлықтар чемпион атанды
Ақтық сында төрт команда өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында қалалық жайдарман ойындарының финалдық кезеңі ұйымдастырылды. Аталмыш ойында төрт құрама өнер көрсетіп, өз қағытпа қалжыңдарымен көрерменнің көңілінен шыға білді. Ал бесінші болып өнер көрсету керек болған «TOU» құрамасы белгілі себептермен финалдық ойында қатардан шықты.
Атап өткенде, ақтоғайлық «Андриановка», Марғұлан университетінің құрамасы «Низам», Ленин кентінің құрамасы «One House» және Б. Ахметов атындағы педогогикалық колледж студенттерінен құрылған «Kundelik.kz» құрамасы өнер көрсетті.
Финалдық ойын екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «сәлемдесу» болса, екіншісі «Үй тапсырмасы» болды. Бірінші кезеңде «Низам» құрамасы керемет ойын өрнегін көрсетіп, көш бастады.
«Үй тапсырмасы» кезеңінде алғашқы болып шыққан «Kundelik.kz» әлеуметтік мәселелерді сахналаса, «Низам» құрамасы Тайландтағы адасып кеткен қазақстандықтардың оқиғасын көрініске айналдырды. Ал «One House» құрамасы көріністерін «Кунфу панда» мультфильмінің желісімен байланыстырды. Ақтоғайлық «Андриановка» болса, ауылдағы мерекелік концертті сахналап, қазылар алқасының көңілдерін толықтыра алды.
Ойын нәтижесі бойынша, «One House» құрамасы үшінші орынды иеленсе, екінші орын «Низам» құрамасына бұйырды. Ал осы маусымның чемпионы атанған – «Андриановка» құрамасы.
Айта кету керек, «Андриановка» құрамасы Жайдарман ойындарының жоғары лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетпек.
Еске салсақ, ақтоғайлықтар Астана қаласында өткен премьер-лига ойындарының жүлдегерлері атанған болатын.