Павлодарда түнде балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар жазаланды

Павлодарда түнде балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде балалардың құқықтарын қорғауға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, рейд барысында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 85 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 40 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген бес құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Мәселен, Павлодар қаласында сағат 23.30 шамасында қоғамдық орында заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталған құқық бұзушылық үшін оның заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, қаладағы компьютерлік клубтардың бірінде әкімшілік түнгі уақытта кәмелетке толмағанның болуына жол берген.

– Аталған дерек бойынша ойын-сауық орнында кәмелетке толмағанның болуына жол бергені үшін әкімшілікке қатысты материал толтырылды, – деді департаментте.

Полицейлер ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстау қажеттігін еске салады. Түнгі уақытта олардың көшеде жүруі қауіпсіз емес. Жағымсыз жағдайлардың және айыппұл салудың алдын алу үшін балалардың сағат 22.00-ден кешікпей үйде болуын қамтамасыз ету қажет.