Павлодарда табысы жоғары әкенің алимент мөлшері ұлғайтылды

Павлодарда табысы жоғары әкенің алимент мөлшері ұлғайтылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Енді ол баласын асырауға ай сайын шамамен 90 мың теңге төлейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, алимент мөлшерін өзгерту және дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бұзу жөніндегі азаматтық іс қаралды.

Бұған дейін жауапкер кәмелетке толмаған қызын асырауға жалақысы мен өзге де кірісінің төрттен бір бөлігін төлеп келген. 2023 жылғы желтоқсанда тараптар осы мөлшерді қарастыратын медиациялық келісім жасасқан.

Алайда баланың анасы төленіп жүрген алимент баланы асырауға кететін шығындарды өтемейтінін айтып, сотқа жүгінді. Жауапкер кәсіпкерлікпен айналысқанымен, ресми жалақысын 85 мың теңге деп белгілеген.

Сотта оның 2025 жылы кәсіпкерлік қызметтен тапқан табысы 16 миллион теңгеден асқаны анықталды. Банк шоттарындағы ақша қозғалысы да ресми жалақы мөлшерінен едәуір жоғары болған.

Сот қолданыстағы алимент мөлшері жауапкердің нақты табысына сәйкес келмейді және баланы тиісті деңгейде қамтамасыз етпейді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар кәсіпкердің табысы тұрақсыз әрі көрсететін қызмет көлеміне қарай өзгеретіні ескерілді.

Нәтижесінде медиациялық келісім бұзылып, жауапкерге баласы кәмелетке толғанға дейін ай сайын 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде алимент төлеу міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.